19 Шілде, 2016

Шардараның  шашуы

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
шардара Астана күні құрметіне әр өңір тамаша тартулар әзірлеген болатын. Соның бірі  Шардарадағы  теңіз жағасынан заманауи үлгіде салынған екі қабатты жаңа мұ­ражай. Облыстық бюджеттен бөлінген 107 млн. теңгеге аумағы 1800 шаршы метр болатын ғимарат құрылысын былтырғы жылдың шілде айынан бастаған «Жер-Су-Жол-Сервис» ЖШС белгіленген мерзімде ойдағыдай аяқтап шықты. Мәдениет ошағының ашы­лу салтанатында облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев, облыс әкімінің орынбасары  Жақып Бөкенбаев, аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық тарихи-өл­ке­тану мұражайының директоры Гүлнәр Аренова тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, мұ­ражай үйі алдағы уақытта ха­лықтың рухани азығына айнала берсін деген тілектерін арнады. Құрылыс жұмысын өз дәре­жесінде жүргізген «Жер-Су-Жол-Сервис» серіктестігінің бас инженері Қанат Ержігіт жаңа нысанның кілтін аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нұрлан Сымайыловқа салтанатты жағдайда табыстады. Мерекелік күйге бөленген қала тұрғындары мен ардагерлер заманауи талапқа сай салынған қос қабатты үйдің әсем көркін қызықтады. Өйт­кені, ол архитектуралық сымбаты мен аумағы жағынан облыстағы бірден-бір айшықты ғимарат болып табылады. Әрі биылғы елорда күні құрметіне сыйға тартылған шашулардың ішіндегі ең айтулысы деуге лайық. Әр мемлекеттің төл мәдениеті мен салт-дәстүрі, тарихы мен та­ғылымы қашанда мұражай үйі арқылы насихатталып келсе, бұл жағынан шардаралықтарды марқайтатын үлкен жетістік осы болып қалмақ. Енді алда жа­­ңа мұражайдың ішін құнды жәдігерлермен толтыру міндеті тұр. Әділ ӘБДІРАМАНОВ Оңтүстік Қазақстан облысы